Алматы қаласының Білім басқармасының шешіміне сәйкес, 2025-2026 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап қала мектептері BilimClass электрондық журналына көшеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
BilimClass – тегін мобильді қосымшасы бар, серверлері Қазақстан аумағында орналасқан және пайдаланушылар деректерінің қауіпсіздігі мен құпиялығын қамтамасыз ететін толықтай қазақстандық платформа.
Бұл шешімге дейін платформа жан-жақты талдаудан өтіп, Алматы қаласындағы 15 мектепте пилоттық режимде апробацияланды. Соның нәтижесінде BilimClass жүйесі барлық қажетті талаптарға сай екенін көрсетті. Платформаға көшу алдында мұғалімдер BilimClass-пен жұмыс істеу бойынша тегін оқудан өтті. Сонымен қатар қолдау қызметі мектептерді сүйемелдеп, туындаған сұрақтарға жедел түрде жауап береді.
BilimClass электрондық журналы мектепті басқару жүйесі, оқу контенті, әдістемелік талдау және аналитика құралдарын да ұсынады. Қазіргі таңда BilimClass жүйесін Қазақстанның 11 өңіріндегі 2,5 миллион оқушы мен 350 мыңға жуық мұғалім пайдаланып отыр. Атап айтқанда, платформа Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау, Абай, Қызылорда, Жетісу, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында қолданыста. Платформаны әзірлеуші – Қазақстандағы жетекші Bilim Group IT холдингі. Оның құрамына BilimLand, OnlineMektep, BilimKids, iTest, BilimUstaz, Kitap.kz және SmartNation сияқты өнімдер кіреді.
BilimClass – серверлері Қазақстан аумағында орналасқан толықтай отандық өнім. Жүйе пайдаланушылар деректерінің қауіпсіздігі мен құпиялығын қамтамасыз етіп, заңнамалық талаптарды қатаң сақтайды. Ата-аналар мен оқушылар BilimClass мобильді қосымшасын тегін пайдаланады. Қосымша сабақ кестесі, сабаққа қатысу, оқу үлгерімі мен үй тапсырмалары туралы толық ақпарат ұсынады. Педагогтер үшін платформада күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау, қашықтан сабақ өткізу мүмкіндігі, өз сабақтарын жүктеу, интерактивті тапсырмалар, БЖБ/ТЖБ каталогы, чат және оқушылармен кері байланыс құралдары қолжетімді.
Платформаға көшу оқу процесіне әсер етпеуі үшін арнайы қысқы демалыс кезеңінде жүргізілді. Осы уақытта мұғалімдер жүйемен жұмыс істеу бойынша оқудан өтті.
Сонымен қатар мектептерге BilimClass платформасымен қатар, Bilim Group компаниясының басқа да өнімдері ұсынылады. Олардың қатарында ҰБТ-ға дайындалуға көмектесетін iTest онлайн-тренажері, бастауыш сынып оқушыларына арналған қазақ тіліндегі iMektep видеосабақтар платформасы, сондай-ақ ТМД аумағындағы ең ірі цифрлық білім беру контент қоры саналатын BilimLand те бар.