Алматы қаласы мен Алматы облысында полиция есірткі құралдарын таратуға қатысты екі деректің жолын кесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алматыда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері 33 жастағы ер адамды ұстады. Оның көлігін тінту кезінде ұнтақ тәрізді зат салынған 130 орама табылды. Күдіктінің тұрғылықты жерінен де есірткі, электронды таразы, орау материалдары және есірткіні бөлшектеп қаптауға арналған басқа да заттар тәркіленді.
Ал Алматы облысында полиция ірі көлемдегі есірткі партиясы жасырылған орынды анықтады. Тәркіленген 2 келі мефедрон шамамен 10 мың бір реттік дозаға тең. Полицияның жедел әрекетінің арқасында есірткі заңсыз айналымға түспей, тұтынушыларға жетпеді.
Ұсталған азамат кінәсін толық мойындаған. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұл бап бойынша 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Ішкі істер министрлігі есірткінің заңсыз айналымына және оны тарату әрекеттеріне қатаң тосқауыл қою жұмыстарын жалғастырады. Осы бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жүргізілуде, - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.