ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігі өкілдері жүргізген мониторинг нәтижесі бойынша, Алматы қаласы мен Маңғыстау облысы әкімдіктерінің ашықтық деңгейі көңіл көншітпей отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Ақпаратқа қол жеткізу саласындағы мемлекеттік саясатты орталық және жергілікті деңгейде жүзеге асыру үшін әр мемлекеттік органда арнайы уәкілетті тұлға айқындалды. Олардың міндеті — өз мемлекеттік органдарының ашықтығы мен қолжетімдігін арттыруға атсалысу. Қазіргі таңда мемлекеттік органдарда ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі 1480 уәкілетті тұлға не құрылымдық бөлімше айқындалды. Оның ішінде 583 — орталық мемлекеттік, 613 — жергілікті атқарушы және 210 — жергілікті өкілді органдарда жұмыс жасайды. Аталған жұмыс шеңберінде бұл қызметкерлер ішкі мониторинг пен ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуді үйлестіруді жүзеге асырады.
"Аталған міндетті атқару барысында уәкілетті тұлғалар кейбір қиыншылықтарға тап болып отыр. Ақпаратқа қолжетімділік заңында көрсетілген талаптардың орындалуын ішкі бақылау мен мониторинг жүргізу барысын ұйымдастыру үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі уәкілетті органдарға бірнеше нұсқаулық берген болатын. Біріншіден, жыл сайынғы ведомствалық ашықтық жоспарын құрастыру және бекіту. Екіншіден, ашық деректерді жариялау бойынша, ресми сайттардағы ақпараттың шынайылығы мен өзектілігіне баға беру, нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына пікір қалдыру бойынша мониторинг жүргізу сынды қызметтерді уәкілетті тұлғаның лауазымды нұсқаулығына енгізу. Үшіншіден, ведомства қызметкерлерінің жеке жоспарларында ведомствалық ақпаратқа еш кедергісіз қол жеткізу бағытында нақты KPI бекіту. Бүгінде ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігі өкілдері жүргізген мониторинг нәтижесі бойынша, аталған нұсқаулар Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында толыққанды іске асырылмаған. Аталмыш жерлердегі әкімдік аппаратына айтарымыз, мәселеге мұндай үстіртін көзқарас дәл осы органдардың 2022 жылғы ашықтық деңгейіне кері әсерін тигізіп, қанағаттанарлықсыз деп бағаланды. Мысалы, Алматы әкімдігі бар болғаны 68,5 балл алса, Маңғыстау облысы әкімдігі 40,5 ұпай ғана жинады", — деді Комиссия хатшысы Бекзат Рахымұлы.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың басшыларына тиісті тапсырмалар беріліп, Комиссия жұмысының жоспарына сәйкес алдағы жылда отырыстарды ұйымдастырудың тәртібі айқындалды.