Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Мажарстанның Алматыдағы Бас консулы Саболч Карой Сёкемен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесуде екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды дамыту және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды.
Мажарстан Қазақстанның Еуропадағы маңызды серіктестерінің бірі болып саналады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы мен Мажарстан арасындағы тауар айналымы 106 млн АҚШ долларын құрады.
Тараптар фармацевтика, агроөнеркәсіп, жасыл технологиялар, цифрландыру және қала инфрақұрылымы салаларындағы бірлескен жобаларды дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Сондай-ақ білім беру саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Stipendium Hungaricum бағдарламасы аясында қазақстандық студенттерге Мажарстан жоғары оқу орындарында оқу мүмкіндігі ұсынылып келеді.
Кездесу соңында тараптар серіктестікті одан әрі кеңейтуге және жаңа бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екенін растады.