Алматы әкімі Бауыржан Байбек Сингапур Респуликасының сауда индустрия және ұлттық даму мемлекеттік министрі Ко По Кун және денсаулық сақтау, коммуникация және ақпарат жөніндегі мемлекеттік министрі Чи Хун Тат бастаған Cингапур делгеациясымен кездесті, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Бауыржан Байбек Алматыны Сингапурдың инвестиция тарту, қаржы қызметі секторы мен туристік кластерді дамыту тәжірибесі қызықтыратынын айтты. Сонымен қатар, сингапурлық делегацияға Алатау ауданындағы индустриялық аймақ пен "Инновациялық технологиялар паркі" АЭА-ның әлеуеті көрсетілді және "Алматы-2020" қаланы дамыту бағдарламасын жүзеге асыруда, соның ішінде "smart city" бағытында ынтымақтастық мәселесі сөз болды.
Сингапур Респуликасының сауда индустрия және ұлттық даму мемлекеттік министрі Ко По Кун таяу арада біріккен жобалардың пайда болатынына сенім білдірді.
"Қазақстан бізді қатты қызықтырады. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ерекше ел – Орталық Азия мен ЕАЭО-ға енудің қақпасы. Біз Алматы сынды ару қалаға арнайы келдік, ынтымақтастық барысындағы ауқымды жоспарларымызды жүзеге асыруда қаланың қаншалықты рөл атқаратынын білеміз. Мен Сингапур мен Қазақстан бизнесмендері түрлі салада бірқатар нақтылы жобаны жүзеге асыратынына сенімдімін", – дейді Сингапур сауда және индустрия министрі.
Естеріңізе сала кетейік, бүгін қалада "Алматы-Сингапур" бизнес форумы өтіп, оның жұмысына Сингапур Респуликасының сауда индустрия және ұлттық даму мемлекеттік министрі Ко По Кун, Сингапур Республикасының денсаулық сақтау, коммуникация және ақпарат жөніндегі мемлекеттік министрі Чи Хун Тат, Сингапурдың экономикалық даму кеңесінің басшысы Льюнг Фиона, ірі сингапурлық компаниялар басшылары мен бизнес өкілдері қатысты.