Көлік прокуратурасы "Метрополитен" МКК, "Алматыметроқұрылыс" АҚ және "Автоматика және технологиялар сервисі" ЖШС бұрынғы басшылығына қатысты тергеуді аяқтады.
Іс Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы ("Бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде иемденіп алу немесе жымқыру") және 216-бабының 3-бөлігі ("Қылмыстық топтың жұмыстарды, қызметтерді нақты орындамай, тауарларды жөнелтпестен шот-фактура беру") бойынша тергелді.
Тергеушілердің айтуынша, күдіктілер Алматы метросының жаңа желісін салу кезінде қызметтерін пайдалана отырып, 5 млрд теңгені жымқырған.
"Ол үшін олар жалған баға ұсыныстарын жинауды ұйымдастырып, солардың негізінде құнынан он есе жоғары бағаға құрал-жабдықтарды сатып алудың сметасын жасаған", - деп жазылған хабарламада.
Ұрланған мүлікті қайтару үшін күдіктілердің үш қымбат пәтері, Алматыдағы бір кеңсе ғимараты, Алматы облысындағы жер телімі, қымбат көліктері, бағалы сағаттары және басқа да бірқатар мүлкі тәркіленді.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.