"Алматы метрополитені" КМК 2016 жылы 873 млн теңге көлемінде табыс тапты. Бұл туралы кәсіпорынның баспасөз хатшысы Ажар Хабиева мәлім етті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
Оның айтуынша, былтыр метро қызметін 12,4 млн адам пайдаланған. Оның 348-і мүмкіндігі шектеулі жандар. Метрода жолаушылар саны оқу жылы басталатын қыркүйек, қазан айларында өседі.
"Күн сайын метро қызметін 40 мыңнан 50 мыңға дейін адам пайдаланады. Демалыс күндері бұл көрсеткіш 17-18 мыңға дейін азаяды. 2015 жылы біз 10,6 млн жолаушы тасымалдадық", – деді Ажар Хабиева.
Метроның жолаушылары "Сайран", "Мәскеу" стансалары ашылғаннан кейін артқаны белгілі болып отыр.
Еске сала кетейік, Алматы метрополитені 2011 жылы ашылды. Алғаш 7 станса пайдалануға беріліп, 2015 жылы екі станса қосылды. Метроның бес жылдығын атап өткенде мекеме директоры Нұрлан Мұханов ашылған күннен бастап 3 млрд теңгеге жуық табыс тапқанын айтқан. 5 жыл жыл ішінде метро қызметін 42 млн жолаушы пайдаланған.