Алматы метросында бейтаныс ер адам қыздың бөксесін ұстағаны үшін 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлады inbusiness.kz сайты.
Оқиға туралы Threads әлеуметтік желісінде Ажар есімді қолданушы жазды. Оның айтуынша, ер адам вагонда алдымен оның бөксесінен екі рет ұрып, кейін "Алатау" станциясына жақындағанда қатты қысып ұстаған.
“Бастапқыда бөксемнен екі рет ұрды. Вагонда адам көп болған соң біреудің сөмкесі байқамай тиіп кеткен шығар деп ойладым. Бірақ “Алатау” станциясына жақындағанда ол еш шімірікпестен бөксемнен қатты қысып ұстады. Бірден бұрылып, оған айғайладым. Бірақ қатты шошынып, не істерімді білмедім. Есімде қалғаны, одан: “Неге маған тиістіңіз?” немесе “Неге бұлай жасадыңыз?” деген сияқты сөз айттым. Ол болса саусағындағы неке жүзігін көрсетіп “мен үйленген адаммын” деп жымиып тұра берді. Сосын телефонымды шығарып, суретке түсірдім. Алайда ол бетін жауып, вагоннан шығып кетті", – дейді қыз.
Бойжеткеннің айтуынша, ол да вагоннан шыққанымен, ер адам қашып үлгерген.
“Өкінішке қарай, жанымда тұрған адамдардың ешқайсы араша түспеді. Барлығы қарап тұрды, бірақ ештеңе істемеді. Вагоннан түсіп, не істерімді білмей жылай бастадым. Кейін бір әйел келіп, әлгі адамның қашып кеткенін көргенін айтты. Тағы бір ер адам да оның қашып бара жатқанын байқаған. Қазір менің екі куәгерім бар”, – дейді қыз.
Бойжеткен ер адамды тауып, оны сотқа тартатынын айтты.
Алматы қалалық сотының хабарлауынша, ер адам 5 тәулікке қамауға алынған.
Алматы қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты түсінік берді.
"Метрода белгісіз ер адамның өзіне қатысты заңсыз әрекет жасағаны туралы қыздың жазбасынан кейін Метрополитендегі полиция басқармасының қызметкерлері бірден тексеру жұмыстарын бастады. Жүргізілген жедел іс-шаралар барысында күдіктінің жеке басы анықталды. Ер адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Жиналған материалдар сотқа жолданды. Сот шешімімен құқық бұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды", – делінген ресми хабарламада.
Алматы полициясы қоғамдық орындарда жасалған кез келген заңсыз әрекет міндетті түрде құқықтық бағасын алатынын ескертеді.