Алматы облысы әкімінің өкімімен Көшеке Ерғали Ахилбекұлы 4 қаңтардан бастап Алматы облысы Дін істері басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ресми мәліметтер бойынша, Ерғали Көшеке 1992 жылы туған және білімі жоғары. 2013 жылы ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін "Әлеуметтік жұмыс" мамандығы бойынша тәмамдаған.
Сонымен қатар, 2015 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде "Әлеуметтану" мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.
Алғашқы еңбек жолын 2014 жылы Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының Алмалы ауданы бойынша аумақтық бөлімінің бас маманы болып бастаған.
Әр жылдары Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының келісім бөлімінің басшысы лауазымдарында қызмет атқарды.
Сондай-ақ, 2022 жылдың шілде айынан бүгінгі күнге дейін Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары лауазымында жұмыс істеді.