Қарағанды облысында биыл картоп өткен жылмен салыстырғанда жақсы түсім берді. Ол туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облысының ауылшаруашылық басқармасының басшысы Юржан Бекқожин мәлімдеді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
"Біздің есептеуімізше облысымыздың бір жылдық көкөніске деген қажеттілігі 200 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде картоп - 132 мың тонна. Біз биылғы жылы 311 мың тонна картоп, 101,0 мың тонна көкөніс жинадық. Жаңа технологиялар мен тыңайтқыштарды пайдаланудың нәтижесінде жиналған бұл өнім өткен жылмен салыстырғанда көп", - деді Юржан Бекқожин.
Басқарма басшысының айтуынша картоп бағасының өсуі, көкөністерді Қарағанды облысынан Өзбекстан мен Қазақстанның басқа да аймақтарына тасымалдануымен байланысты.
"Біздің нарықтан Өзбекстанға шамамен 7,5 мың тонна көкөніс жіберіледі, - дейді ауылшаруашылық басқармасының жетекшісі. – Оған қоса, картоп республиканың оңтүстік аймақтарында тапшы болды, әсіресе Алматы облысында. Міне, сондықтан баға көтеріліп кетті. Өзбекстан мен еліміздің оңтүстік аймақтарынан келген сатып алушылар Қарағанды картобын алқаптардан ала бастады, осылайша бағаны көтеріп жіберді. Оның бір киллограммы 100 теңгеге дейін өсіп кетті. Бірақ қазір Өзбекстанға картоп жіберіліп жатқан жоқ, Алматы облысына Ресей мен Белорусьтен жеткізілді. Соның нәтижесінде біздегі баға біраз тұрақталды. Қазіргі таңда картоптың бағасы 89-90 теңгені құрайды".