Алматы облысында "Роллтон" кеспесі шығарыла бастады

1502

Сондай-ақ "Қазақстанда жасалған" белгісімен Bigbon кеспелері дайындалады.  

Алматы облысында "Роллтон" кеспесі шығарыла бастады

Алматы облысының Қапшағай қаласында азық-түлік өндіретін "Маревен Фуд Тянь-Шань" зауыты іске қосылды. Өңір әкімі Амандық Баталов заманауи кәсіпорынның презентациясына қатысты, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

"Біз 500 жаңа жұмыс орнын құрған заманауи кәсіпорынның ашылуына куә болдық. Инвестиция көлемі 50 млн АҚШ долларын құрап отыр, өндірістің жылдық ауқымы 25 млрд теңге болмақ. Бүгін маған зауытпен танысу барысында кәсіпорын басшылығы осымен тоқталып қалмай, бұдан әрі де кәсіпорын кеңейтілетінін, жұмыс орындары санының арттырылатынын айтты. Зауыт өнімдері "Қазақстанда жасалған" белгісімен шығады", – деді облыс әкімі таныстыру кезінде.

Mareven Food Holdings Ltd компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі До Суан Хоанг сөз алып, жобаны жүзеге асыруға зор қолдау көрсеткені үшін еліміздің мемлекеттік органдарына ризашылығын білдірді.

"Біз қазақстандық сапалы бидайды макарон өнімдері үшін сатып алып, жергілікті агроөндірушілерді қолдайтын боламыз. Өңірдің сауда-логистикалық базасын дамытамыз", – деді вьетнамдық қонақ.

Жобаның қуаты ­– 21,2 млрд теңге. Мұнда орнатылған жабдықтар мен желілер, автоматтар мен станоктар тек жаңа ғана емес, сонымен қатар энергетикалық жағынан тиімді әрі экологиялық жағынан тұрақты. Барлық құралдар әлемдік сапа стандарттарына сай, жабдықтарды автоматтандыру бастапқы кезеңде 85%, кейін 95%-ға дейін жеткізіледі.

Қазіргі кезде зауыттың 3 өндіріс жолағы іске қосылған. Атап айтқанда, қаптамадағы  "Роллтон" кеспелері, дайын ас ретінде пайдалануға арналған тез пісетін кеспелер мен "Роллтон-Домашний" тұздықтары мен сорпасы өндірілуде. Алдағы уақытта макарон өнімдерін шығару жоспары бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу