Алматы облысында аса қауіпті химиялық затты заңсыз сатпақ болған азаматтың әрекеті әшкереленді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Арнайы операция прокуратураның үйлестіруімен және ҰҚК өкілдерімен бірлесіп жүргізілді.
Тергеу барысында Түркістан облысының 28 жастағы тұрғыны 100 миллион теңгеге қауіпті затты сатпақ болған сәтінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оқиға орнынан жалпы салмағы 3 келіден асатын шыны ыдыстағы металл сынап тәркіленді. Қазір іс бойынша барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Құзырлы органдар сынаптың адам денсаулығына аса қауіпті екенін ескертті. Оның булары ауыр улануға, жүйке жүйесінің зақымдануына әкелуі мүмкін, сондай-ақ қоршаған ортада жиналып, ұзақ мерзімді зиян келтіреді.