Алматы облысында қазіргі таңда "7-20-25" бағдарламасы бойынша Талғар, Іле, Қарасай, Панфилов аудандары мен Қапшағай және Талдықорған қалаларында үй салынатын 26 тұрғын аудан анықталды, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Олардың қатарында Талғар ауданындағы "Алма Тау", "Көк Алатау", Alma Village, "Нүрия", "Пугачев", Қарасай ауданындағы "Алатау ажары", "Қарлығаш", "Өмірзақ", "Өркен" және Іле ауданындағы "Қоянқұс" жеке тұрғын үй кешені мен Панфилов ауданындағы "Нұркент", Талдықорған қаласының оңтүстік-батыс тұрғын ауданындағы үйлерге сұраныс басым.
Жоспар бойынша осы алаптарда жалпы аумағы 3,8 млн шаршы метр болатын 103,7 мың пәтерлі 2509 тұрғын үй бой көтереді. Осы нысандардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын реттеуге бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген.
Өңірдегі екінші деңгейлі банктер де бағдарламаны жүзеге асыруға қатысуда. Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктер сомасы 2,0 млрд теңге болатын 197 өтінім қабылдаған. Оның ішінде сомасы 1,2 млрд теңге болатын 113 өтінім мақұлданыпты.