Алматы облысының прокуратурасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесін жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жыл басынан бері прокурорлар бизнес өкілдерінің құқықтарын бұзудың 65 дерегін анықтап, жойған. Нәтижесінде 2300-ден астам кәсіпкердің заңды мүддесі қорғалып, бизнестің дамуына кедергі келтірген 3 актінің күші жойылды.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің пайдасына 469 млн теңге өндірілген. Кәсіпкерлердің құқықтарын бұзуға жол бергені үшін 25 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 34 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Олардың қатарында кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу және кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік бақылау жүргізу тәртібін бұзу фактілері бар.
Қазіргі уақытта кәсіпкерлердің қаражатын алдау жолымен иемденді деген күдікпен бұрынғы мемлекеттік қызметшіге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.