Алматы облысының әкімдігі мен "Отбасы банк" АҚ ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) жаңа тұрғын үй бағдарламасын бастады. Жоба 35 жасқа дейінгі облыс тұрғындарына баспана сатып алу үшін жеңілдетілген несие береді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Сондай-ақ өтініш берушінің Алматы облысында кемінде бір жылдық мерзімі бар тұрақты тіркеуі болуы керек. Тағы бір шарт – бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда аттарына тіркелген жылжымайтын мүлік болмауы тиіс.
Бүгін Алматы облысы әкімінің орынбасары Ләззат Тұрлашов пен "Отбасы банктің" өңірдегі филиал директоры Ғалымжан Шалғымбаев "Алатау жастары" бағдарламасын бастау туралы келісімге қол қойды.
"Алматы облысы осындай бағдарламаларды бізден бұрын іске асырған Алматы, Астана, Қарағанды, Жамбыл және Қостанай облыстарының оңтайлы тәжірибесін үлгі ретінде алды... Бірінші кезеңде облыс әкімдігі жаңа жобаға 600 млн теңге бөліп отыр. Ал Отбасы банк өз кезегінде бұл қаражатқа жеңілдетілген несие беруге көмектеседі. Осындай қолдаудың арқасында облыс тұрғындары биылдың өзінде алғашқы қоныс тойын тойлайтын болады", – деді Ғалымжан Шалғымбаев.
Бағдарламаға қатысуға өтінімдер 2022 жылдың 1 қарашасынан бастап қабылданады. Өтінімді облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасына беру қажет. Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін әкімдіктен арнайы құрылған комиссия жиналған ұпайлар бойынша іріктеу өткізеді. Оның барысында некеде болған жылдар саны, балаларының болуы, жұмыс тәжірибесі, мамандығы және қызмет саласы негізге алынады.
Кейін қатысушылардың тізімі жасалып, Отбасы банкіне жіберіледі. Қатысушылар банкте төлем қабілеттілігін бағалатып, өз бетімен баспана табады. Оны сатып алуға банк 10 млн теңге несие береді. Егер мүліктің құны 10 млн теңгеден асатын болса, үміткер айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлейді.
Егер отбасы жаңа тұрғын үй (пайдалануға берілген болуы тиіс) сатып алса, онда алғашқы жарна 0% болады. Егер екінші нарықтан алынған баспана болса (пәтер немесе жеке үй), онда алғашқы жарна 10% құрайтын болады. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5% тең (ЖТСМ 5,2%). Несиенің максималды мерзімі – 19 жыл.