Алматы облысында алғаш болып құрылған кооперативтер жемісті еңбек етіп жатыр

1487

Алматы облысында алғаш болып құрылған кооперативтер жемісті еңбек етіп жатыр

Өткен жылы "Ауылшаруашылығы кооперациясы туралы" заңның аясында ауылшаруашылық субъектілерін  кооперативтерге біріктіру ерекше қарқын алған тұста Алматы облысындағы Кербұлақ ауданының Қарашоқы ауылындағы "Майтөбе Ет"  және Ақсу ауданы Есеболатов ауылындағы "Діңгек" ауылшаруашылық кооперативтері құрылды.

"Майтөбе Ет" ауылшаруашылық өндірістік кооперативі "жәкірлік" негізге алынып, кооператив құрамына етті бағыттағы ірі қара малын өсіретін  22 шаруа қожалығы енді. Оларға "Береке" несие бағдарламасы аясында  ірі қара малын сатып алуға және мал азығына 61,5 млн теңгеге бөлінді. Осы шаруашылықтарда бағылған малдың төлі Баясыл Ақбасов басқаратын "Ақбұлақ" ет өңдеу цехына өткізіліп, өңделеді. Бүгінге дейін цехта 750 бас ірі қара, 3000 бас қой сойылып, 33 тонна шұжық, 200 тонна ет Алматы қаласы мен облыс тұрғындарына саудаланды. Қазір кооперативтің бордақылау алаңында 350 бас тайынша бордақылануда", – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы Кербұлақ аудандық филиалының директоры Болат Тастанбеков.

Ал Ақсу ауданы Есеболатов ауылындағы сүтті бағыттағы ірі қара малын өсіретін 25 шаруа қожалығы кірген "Діңгек" ауылшаруашылық кооперативіне өткен айда "Береке" несие бағдарламасы бойынша мал сатып алуға және мал азығын дайындауға 51 млн. теңге бөлініпті.

"Қазір кооператив құрамындағы шаруа қожалықтары бөлінген қаржыға сүтті сиырларды сатып алу жұмысын бастап кетті. Сонымен қатар, сүт өнімдерін өткізу үшін Алматы және Талдықорған қаласындағы  "Арқабай", "FoodMaster",   "Danone", "Үштөбе Айдын", тағы да басқа тауарлы сүт фермаларымен келіссөздер жүргізуде", – дейді облыстық кәсіпкерлік палатасы Ақсу аудандық филиалының директоры Руслан Тұрсынов.

 Қос кооперативтің алдағы жоспарлары да ауқымды. "Майтөбе ет" ауылшаруашылық кооперативі өңірді етпен қамтамасыз ету жоспарын толық орындаумен қатар биыл көрші елге 3000 тонна ет шығару туралы қытайлық әріптестерімен келісімге қол жеткізіпті. Ал "Діңгек" ауылшаруашылық кооперативі өңірдегі сүт фермаларын таза шикізатпен қамтамасыз етумен бірге сүт экспортының әлеуетін асыруға құлшынып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу