2024 жылғы 24 маусымда Алматы облысы Талғар ауданында анасы мен баласы суға батып кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Куәгерлердің айтуынша, бала суға батып бара жатқанын көрген анасы бір сәт те ойланбастан ұлын құтқаруға ұмтылған, алайда ағын өте күшті болған. Әйелдің денесін құтқарушылар оқиға болғаннан кейін көп ұзамай тапты. Ал баланы іздеу келесі күнге дейін жалғасты.
25 маусым күні еріктілер іздестіру жұмыстарының аяқталғанын хабарлады. Баланың денесін өңірлік жедел-құтқару қызметі (ӨЖҚҚ) мен Қонаев қаласының құтқарушылар отрядының қызметкерлері тапты.
Құтқарушылар тұрғындарға, әсіресе жаз мезгілінде, су айдындары маңында қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін тағы да ескертеді.