Алматы облысында ауыл тұрғындары амбулаторияның есік-терезелерін бұзды

1358

Олар аталмыш медициналық мекеменің коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандар оқшауландырылатын обсервациялық стационар ретінде пайдаланылатынына наразылық білдірді.

Алматы облысында ауыл тұрғындары амбулаторияның есік-терезелерін бұзды

 Алматы облысының әкімдігі медициналық амбулатория алдында болған халықтың наразылығына түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"19 сәуір, түнгі сағат 00.15-те Қарасай ауданы Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылында жергілікті тұрғындар ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның алдына жиналды. Олар аталмыш медициналық мекеменің коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандар оқшауландырылатын обсервациялық стационар ретінде пайдаланылатынына наразылық білдірді. Еске салсақ, амбулаторияның ішінде пациенттер болмаған, бос тұрған. Тұрғындар арасынан бұзақылар шығып, ғимаратқа материалдық шығын келтірді. Олар есік-терезелерді бұзып, 30 төсек пен матрацты сыртқа лақтырған. Жиналғандардың ішінде жекелеген адамдар алькогольдік мас күйінде болған", - делінген мәліметте.

Тұрғындармен сөйлесуге келген Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаевтың айтқандарына ауыл тұрғындары қанағаттанбай, обсервациялық стационарды жабуды талап еткен.

"Мас күйіндегі азаматтар Қарасай аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Осы оқиға бойынша Қарасай АПБ-да ҚР ҚК-нің 202-бабы 1-бөлігіне сәйкес, яғни бөгденің мүлкіне қасақана зиян келтіру әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Төтенше жағдай кезінде заңсыз әрекетті ұйымдастырып, бұзақылыққа бастағаны үшін кінәлілер қатаң жазаланады.

Алматы облысының әкімдігі тұрғындарды көрінеу жалған ақпараттарға сенбеуге, тек ресми мәліметтерге ден қоюға шақырады", - делінген Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

"Тексерілмеген ақпарат көздерінен көрінеу жалған мәлімет таратқандар, осы тектес әрекеттерге жол бергендер ҚР заңнамаларына сәйкес жауапқа тартылады", - деді ведомстводан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу