Бұл жайында өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев арнайы брифинг барысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Қазір халықты ауыз сумен қамтудағы көрсеткіш 92,7%-ды құрап отыр. Биыл 62 жобаны іске асыруға 27,8 млрд. теңге қарастырылған. Жыл соңына қарай сумен қамтамасыз ету деңгейі 93,5% жетеді", – деді Марат Сұлтанғазиев.
Аталған саладан басқа, облыс басшысы газдандыру мен жолды жасау секілді инфрақұрылымдық салалар туралы да сөз етті.
"Бүгінгі таңда газдандыруға жататын 294 елдімекеннің 147-сіне көгілдір отын тартылған. Оған облыстың 1 млн 114 мың тұрғыны қосылған. Биыл тағы 9 елдімекенді қосқанда көрсеткіш 69,4%-ға жетеді", - деді әкім.
Аймақ басшысының бұл ретте жол сапасына тоқталды.
Айтуынша, 2022 жылы барлығы 731 шақырым жол жөнделді. Биыл жол инфрақұрылымын жақсартуға 48,5 млрд теңге бөлінді. Жыл соңына қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жол деңгейі 91%-ға жетеді деп жоспарланған.