Алматы облысында "дропперлік" әрекет үшін алғаш рет іс қозғалды

72

Тексеру барысында Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны алаяқтарға ұрланған қаражатты аударуға делдал болғаны анықталды.  

Алматы облысында "дропперлік" әрекет үшін алғаш рет іс қозғалды Фото: azh.kz

Алматы облысында "дропперлік" әрекеті үшін жаңа Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша алғаш рет сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әйел адам OLX сайтындағы "онлайн-төлемдер операторы" туралы жалған хабарландыруға алданып, өзінің банк картасын қылмыскерлерге пайдалануға берген.

Қыркүйек айынан бастап оның шотына 2 миллион теңгеден астам қаражат түскен. Әйел адам әрбір аударымнан 5 пайызын "комиссия" ретінде қалдырып отырған, ал қалған қаражат алаяқтардың есепшоттарына жіберілген.

Прокуратураның дерегіне сәйкес, бұл – алаяқтар жиі қолданатын схема. Олар ұрланған ақшаны қолма-қол ету үшін өз шоттарын пайдалануға дайын адамдарды іздейді. Енді заң мұндай "дропперлерге" де, олардың іс-әрекеттерін ұйымдастыратындарға да қатаң жаза белгілейді.

"Дропперлік" әрекет, яғни басқа тұлғалардың шоттарын қылмыстық мақсатта басқару үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу