Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйел және оның екі баласын өлтіріп, қылмысты жасыру үшін үйді өртеп жіберген қылмыстық іске байланысты ұсталған күдіктіге сот шешімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
"Сотталушы мас күйінде пышақ қолданып, бірге тұратын серіктесі мен оның кәмелетке толмаған екі баласын өлтірген. Содан кейін үйдің есігін сыртынан құлыптап, қашып кеткен. Бір күннен кейін ол қылмыс орнына қайта келіп, жәбірленушінің 40 мың теңгесін ұрлап, кісі өлтіру ізін жасыру үшін олардың үйін өртеп жіберген. Сотталушының кінәсі іс материалдарымен: куәлардың айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және сотта расталған және зерттелген басқа да дәлелдемелермен толық дәлелденген", - деп хабарлады ҚР Жоғары сотынан.
Сот шешімі бойынша қанды қылмыскер өзіне тағылған іс-әрекеттерді жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін аталған іс бойынша 41 жастағы Алматы тұрғыны ұсталғанын жазған едік.
Еске салайық, былтыр 14 қыркүйекте Іле ауданына қарасты Ащыбұлақ ауылында өртенген үйден зорлық-зомбылық белгілері бар әйел мен екі кішкентай баланың мәйіті табылған болатын. Кейін әйелдің азаматтық некедегі күйеуі күдікті ретінде ұсталды.