Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бірнеше жыл бойы екі қызына зорлық жасап келген ер адамға үкім шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Сотта анықталғандай, сотталушы Ц. 2010 жылдан 2023 жылға дейін кәмелетке толмаған қыздарына нәпсіқұмарлық сипатта күш қолдану арқылы зорлық-зомбылық жасап қорлаған.
Қылмыстың жай-жапсарын заңмен жария ету мүмкін болмағандықтан іс жабық сот отырысында қаралды.
Прокурор күдіктіні Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі, 124-бабы, 120-бабының 3-1-бөлігі, 2-тармағымен кінәлі деп танып, 25 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Ер адам соңына дейін өз кінәсін мойындамады.
Бірақ оның кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен дәлелденді.
"Сот үкімімен азамат Ц. жоғарыда аталған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 25 жылға бас бостандығынан айырылды", – деп хабарлады Алматы облысы сотынан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұл оқиға былтыр әшкере болған еді. Апалы-сіңлілі екі қызға туған әкесі жылдар бойы азғындық жасап келген.
11-12 жасынан зорлыққа ұшыраған олар бір-бірінің басындағы жағдай туралы білмеген. Қыздардың бірі үйінен қашып кетпейінше аналары да бұл сұмдықтан бейхабар болған.
Былтыр жазда Алматы қалалық полиция департаменті іс қозғады.