Алматы облысында зираттағы құлпытастарды бүлдірген күдікті ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Көлсайдың түбіндегі Саты ауылын соқыр сенім кезіп жүр. Осы ауылдың бір жігіті "дінімізге қайшы" деген желеумен зиратты талқандап тастапты. Өлген адамдардың құлыптастарын қиратып, жан-жаққа лақтырып кеткен. Жақындарының қабірі қорланғанын көрген аядай ғана ауыл тұрғындары ашулы. Осындай әсіредіншілердің кесірінен ел арасына іріткі түседі. Бір есерсоқ бүтін бір ауылдың берекесін қашырады. Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді. Мұның бәрі тик-ток имамдардың, уағызшыл ұстаздардың кесірі. Бір ғана кітап оқып алған, көкірегі соқыр адамдар соларға сеніп, асыл дінімізді ластап бітті", - деп жазды журналист Диас Нұрақын.
Алматы облысының полиция департаменті вандализм дерегі бойынша күдікті ұсталғанын хабарлады.
"Әлеуметтік желілерде күдіктінің салафизмнің діни ағымына қатысы бары туралы ақпарат алдын-ала тексеріс барысында расталмады", - делінген хабарламада.