Алматы облысында құтқарушылар суару каналына құлап, ағыс алып кеткен ер адамды аман алып қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
112 пультіне Талғар ауданы Кендала ауылында болған оқиға туралы хабарлама түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, 1992 жылы туған ер адам абайсызда суару каналына құлап, қатты ағыс оны шамамен 3,5 шақырымға дейін алып кеткен. Кейін ол №5 саяжай алқабы маңында орнатылған құтқару арқанына жармасып, көмек күткен.
Құтқару жұмыстарына ТЖМ қызметкерлері мен "Талғар" гидроторабы мамандары жұмылдырылды. Каналға су беру уақытша тоқтатылып, ағыс Талғар өзені арнасына бұрылды.
Құтқарушылар ер адамды қауіпсіз жерге шығарып, Талғар аудандық орталық ауруханасына жеткізді. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
ТЖМ азаматтарды су айдындары мен гидротехникалық нысандар маңында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.