Алматы облысында карантин талаптары қайта күшейтілуі мүмкін

889

Алматы облысында коронавирус жұқтырғандар саны қайта артып келеді. Соңғы аптада індетке шалдығу өсімі 4,5 пайызға жеткен. 

Алматы облысында карантин талаптары қайта күшейтілуі мүмкін

"Вирусты жұқтыру өсімі соңғы аптада 4,5 % жетті. Ал карантин талаптарын жеңілдету кезеңінде бұл көрсеткіш 2,5 пайыздан аспаған болатын. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, облыс тұрғындары мен бизнес өкілдері карантиннің негізгі талаптарын орындамайды. Медициналық маска тақпайды, адамдар арасындағы арақашықтық сақталмайды. Жалпы, карантин талаптарын сақтамаған 720 жағдай тіркелді", - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

Қазір коронавирустың өсу қарқыны Талдықорған қаласында жоғары. Облыс орталығында алғашқы жағдай елімізде төтенше жағдай режимі алынып тасталғаннан кейін тіркелді. Яғни, 14 мамыр күні полицейдің індетті жұқтырғанын мамандар хабарлады. Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлының сөзінше, бүгінгі күні шаһарда індетті жұқтырғандар саны 140 адамға жетті. Осы жайтқа байланысты 6 маусым күні Талдықорған бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Құжатқа сәйкес, облыс орталығында карантин режимі жалғасады. Бірақ санитарлық постар қойылмайды, нысандар жабылмайды.

"Ешқандай объектілер жабылмайды. Тек жұмыс істеу уақыттарына өзгеріс енгізілді. Санитарлық постарды да қайта қоймаймыз. Бірақ дезинфекциялау жұмыстары қоғамдық орындарда, халық көп шоғырланатын жерлерде, тұрғын үй кіреберістерінде күнде жүргізіледі. Халықтан медициналық бетперде киіп, ара-қашықтықты сақтауды өтініп сұраймыз", - деді Н. Қанатұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу