Алматы облысында қаза тапқан полицейлердің отбасыларына мемлекеттік наградалар тапсырылды

1019

Ербол Ержанов III дәрежелі "Айбын" орденімен, Дархан Барғанаев II дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. 

Алматы облысында қаза тапқан полицейлердің отбасыларына мемлекеттік наградалар тапсырылды

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жаппай тәртіпсіздік кезінде қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқан полиция қызметкерлері Дархан Барғанаев пен Ербол Ержанов "Айбын" орденімен марапатталды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев олардың отбасыларына мемлекеттік наградаларды табыстады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

"Біздің әріптестеріміз, полиция лейтенанты Дархан Барғанаев және әділет прапорщигі Ербол Ержанов өмірінің соңғы сәтіне дейін Отанға, халыққа деген адалдығын көрсетті. Олар біз үшін әрқашан Отанға адал қызмет етудің, ерліктің және парызға беріктіктің үлгісі болады", – деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев. 

Полицейлердің күнделікті жұмысы өмірі мен денсаулықтарына қауіп төндіреді. Қиын жағдайларда қызметкерлер бірнеше секунд ішінде маңызды шешімдер қабылдауға мәжбүр, олардың кейбірі адам өмірімен байланысты болып жатады. 

Әскери және қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерліктері үшін Алматы облысы бойынша ҚАЖД-нің ЛА-155/16 мекемесінің қызметкері Ербол Ержанов III дәрежелі "Айбын" орденімен, Алматы облысы ПД Жедел әрекет ету арнайы жасағының қызметкері Дархан Барғанаев II дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. 

Ербол Ержанов ішкі істер органдарында 1999 жылдан бастап қызмет атқарды. Оның артында екі баласы қалды. Дархан Барғанаев ІІО жүйесінде қызметін 2011 жылы бастады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу