Мемлекеттік қызметтер көрсетілгені үшін жасалған төлемдерді аса ірі мөлшерде жымқыру мән-жайы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Тергеу нәтижесінде Алматы облысы Жамбыл ауданының халыққа қызмет көрсету бөлімінде жұмыс істейтін "Қазпошта" АҚ кассирлері 2021-2023 жылдары паспорт және жеке куәлік рәсімдеу барысында мемлекеттік баждың бір бөлігін иемденгені анықталды.
Көші-қон қызметіне баж соммасы жайлы көрінеу жалған ақпарат енгізілген түбіртекті ұсынып, мемлекетке 84 миллион теңгеден аса шығын келтірген. Тергеу жалғасып жатыр.
Қаржы мониторингі агенттігі экономикалық құқықбұзушылықтар үшін заңмен жауапкершілік көзделгенін ескертті.