Сот Алматы облысында жас қызды зорлау әрекеті бойынша үкім жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Сот анықтағандай, 2020 жылдың 12 қыркүйегінде түнде күдікті жәбірленушіні үйіне жеткізуге уәде беріп, алдап, көлігіне отырғызған. Алайда ауылдың шетінен шыға бере ол оны зорламақ болып, ұрып -соққан, "өлтіремін" деп қорқытқан. Қыз қарсылық көрсетіп, қашып кеткен. Прокурор сотталушыны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраса, қорғаушы оны ақтап алмақ болды.
"Сот Н. есімді азаматты 9 жылға бас бостандығынан айырды, жәбірленуші материалдық және моральдық зиянды өтеу жөнінде ештеңе талап етпеді. Сот үкімі күшіне енген жоқ",– деп хабарлады Қарасай аудандық сотының баспасөз қызметі.
Бұл қылмыс өткен жылдың қарашасында Ая Өмірзақова ашық үндеу жасағаннан кейін көпшілікке белгілі болды. Ол кешке қарай Қаскелеңнен үйге жету үшін таксиге отырғанын, бірақ жүргізуші оны Киздің бағытына қарай алып кеткенін және көлікте зорламақ болғанын айтты.
"Мен қарсылық білдірдім, ол мені ұрды, тепкіледі, "өлтіріп, көміп тастаймын" деп қорқытты",– деді қыз.
Бойжеткен күдіктінің көзіне бір уыс топырақ лақтырып, жолға қарай жүгіп, өтіп бара жатқан көлікті тоқтатып, әрең қашып құтылған. Полицияға жүгініп, қылмыстық істі тіркегеннен кейін, күдіктінің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент қызметкері екені белгілі болды.