Алматы облысында малшы тауып алған қар барысы табиғатқа жіберілді

541

Бұл туралы Алматы зообағы мәлім етті

Алматы облысында малшы тауып алған қар барысы табиғатқа жіберілді Фото: mail.kz

Биыл 20 сәуірде Алматы облысында мал жайып жүрген тұрғын әлсіреп қалған қар барысын тауып алған еді. Қызыл кітапқа енген жануар ветеринарлық көмек көрсету үшін Алматы хайуанаттар бағына жеткізілген болатын.

Зообақта арнайы карантинде болып, мамандардың толық тексеруінен, емдеуден және оңалтудан өткеннен кейін жыртқыш 15 шілдеде Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағына жіберілді.

Табиғатқа шығарар алдында ветеринарлар оны қайтадан тексеруден өткізіп, салмағы мен бойын өлшеген.

"Алматы хайуанаттар бағында болған кезде барыс оңалтудан өтіп, 8 келіден астам салмақ жинап, денсаулығы толық жақсарып, табиғатқа шығуға дайын болды. Жануар күйзеліске ұшырамауы үшін тексеру және тасымалдау шаралары оны уақытша ұйықтату (наркоз қолдану) арқылы жүзеге асырылды. Зообақтан табиғатқа жіберілгенге дейін барыс ветеринарлардың бақылауында болды", - деп хабарлады зообақтан.

Алматы зообағының мәліметінше, ілбіс сирек кездесетін жыртқыш болғандықтан, ұлттық саябақтарда мекендейтін барыстар мен басқа да жануарларды зоологтар мұқият бақылайды.

"Осы мақсатта ғалымдар жануардың қозғалысын бақылап, оның тіршілігін қадағалап отыруы үшін қар барысының мойнына арнайы спутниктік таратқышы бар қарғыбау тағып қойды",- деп атап өтті зообақ өкілдері.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу