Алматы облысы прокуратурасы жүргізген тексеріс нәтижесінде тәркіленіп, айып тұрағына қойылған мүліктер ұрланғаны анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жалпы құны 100 млн теңгеден астам тұратын "Volvo FH" маркалы жүк көлігі әкімшілік іс бойынша тәркіленіп, мемлекет кірісіне өндірілуі керек болған. Алайда сақтауда тұрған кезде аталған жүк көлігі бөлшектеліп, ұрланған.
Сонымен қатар, тәркіленуге жататын басқа да мүлікті жасыру дерегі ашылды.
"Қылмыстық іс аясында құны 8 млн теңге болатын "Mercedes E350" маркалы көлік күдіктінің әкесіне сақтауға берілген. Кейіннен сот бұл көлікті мемлекет пайдасына өндіру туралы шешім шығарған. Бірақ соттың шешіміне қарамастан, күдіктінің әкесі сақтау міндетін орындаудан бас тартып, көлікті жасырып қойған", - деп хабарлады облыстық прокуратура өкілдері.
Қазір бұл бұзушылықтар туралы соталды тергеу органдарына түпкілікті шешім қабылдау үшін құжаттар жолданды.