8 қазанда Қарасай ауданы ПБ кезекші бөліміне Алматы қаласының 49 жастағы тұрғыны Іргелі ауылдық округінің бау-бақша қоғамынан әрқайсысының диаметрі 100 мм болатын үш бөліктен тұратын тоғыз метр металл құбырды, бұрыштарды және жалпы сомасы 150 000 теңгеге кіші диаметрлі басқа құбырдың ұрланғаны туралы өтініш түскен. Аталған факті ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігі бойынша СДТБТ-де тіркелді.
Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Қарасай АІІБ ЖПҚ учаскелік инспекторы Нұрлан Нәбиев куәгерлерді тауып, ұрының 15 000 теңгеге металл сынықтарына құбырларды тапсырған жерін анықтады.
Ұрлық жасады деген күдікпен ұсталған 34 жастағы жергілікті тұрғын алынған дәлелдерді ұсынғаннан кейін ұрлықты мойындады және салынып жатқан үйлердің бірінен құбырлар мен басқа металды көріп, оларды ұрлауға шешім қабылдағанын түсіндірді. Ол үшін көлікті жалдап, ұрланған затты өзінікі деп, металл сынықтарын қабылдау орнына тапсырған.
Ұрланған зат тәркіленіп, полицейлерге алғыс білдірген заңды иесіне қайтарылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.