Алматы облысында мүгедектерді оңалтуға бөлінген қаржы екі есеге өсті, деп хабарлады strategy2050.kz.
Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мүгедектер жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесі барысында айтты.
2012 - 2014 жылдары мүгедектерге кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында 2117 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына паспорттау шарасы жүргізілген. Соның 400-інің бірінші кезекте бейімдеуге жататыны анықталып, бұл шараларға облыстық бюджеттен 266,0 млн.теңге бөлінген болатын. Оның ішіндегі 40 нысан биылғы жылы бейімделетін болады.
Баяндамашының айтуынша, облыста 61,1 мың мүмкіндігі шектеулі азамат болса, соның 53% немесе 32,4 мың адам 1-2 топтағы мүгедектер, 7,1 мың адам немесе 11,7% - мүгедек балалар. 2016 жылмен салыстырғанда мүгедектерді оңалтуға бөлінген қаржы 2017 жылы екі есеге жуық көлемде өсіп, 2, 8 млрд теңгеге жуықтады.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар инклюзивті білім беруге қатысты мектеп пен балабақшалар бойынша жол картасын әзірлеуді тапсырды.