Алматы облысында прокуратура 1,2 трлн теңгелік жобалардағы 28 инвестордың құқығын қорғады

399

Прокуратура алты заңсыз тексеру мен үш әкімшілік айыппұлдың күшін жойды.  

Алматы облысында прокуратура 1,2 трлн теңгелік жобалардағы 28 инвестордың құқығын қорғады Фото: coredo.eu

Алматы облысының прокуратурасы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және инвесторлардың құқықтарын қорғау жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Биылғы жылдың алғашқы алты айында прокурорлар жалпы құны 1,2 трлн теңгені құрайтын, 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін жобаларды жүзеге асырып жатқан 28 инвестордың 30 проблемалық мәселесін шешті.

Прокурорлық сүйемелдеу нәтижесінде бақылау-қадағалау органдары жүргізген алты заңсыз тексеру мен салынған үш әкімшілік айыппұлдың күші жойылды. Сонымен қатар инвесторларға төрт жер учаскесі беріліп, электр желілеріне қосылу үшін екі техникалық шарттың рәсімделуі қамтамасыз етілді.

Инвесторларға әкімшілік кедергі келтіргені үшін сегіз лауазымды тұлға тәртіптік, тағы 10 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде 100-ге жуық инвестор Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілді. Бұл оларға прокурорлық қорғау тетіктерін, соның ішінде "прокурорлық сүзгіні" қолдануға мүмкіндік береді.

Есепті кезеңде прокуратура инвесторларға қатысты үш тексеруді, 10 әкімшілік хаттаманы және шектеу сипатындағы 11 шараны келісуден бас тартты. Сонымен қатар мемлекеттік органдар прокурормен келіспей сотқа берген екі талап-арызын кері қайтарып алды.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу