Алматы облысында шегірткеге қарсы ауқымды науқан басталады

122

Жалпы аумағы 1,8 млн гектар жер бақылауға алынады.  

Алматы облысында шегірткеге қарсы ауқымды науқан басталады Фото: gov.kz

Алматы облысының Ауыл шаруашылығы басқармасында аса қауіпті зиянкестерге, әсіресе шегірткеге қарсы күрес мәселесіне арналған семинар-кеңес өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Б.Бақытұлының айтуынша, 2026 жылы облыс бойынша аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы жалпы 1 831 690 гектар алқапта мониторинг жүргізу жоспарланған. Оның ішінде үйірлі шегірткелерге – 1 650 700 гектар, ал саяқ шегірткелерге – 180 990 гектар жер қамтылады. Көктемгі-жазғы кезеңге арналған тексеру көлемі 887 700 гектарды құрайды.

Биыл шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 153 963 гектар жерде жүргізіледі. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен бөлінген 257,2 млн теңге есебінен 83 389 гектар алқапта үйірлі шегірткелерге қарсы өңдеу жасалады. Оның ішінде итальяндық прусқа – 61 369 гектар, азиялық шегірткеге – 22 020 гектар тиесілі.

Ал жергілікті бюджеттен бөлінген 292,8 млн теңгеге саяқ шегірткелерге қарсы 70 574 гектар жер өңделмек.

Химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйымдар да анықталған. Әуе арқылы өңдеуді AVIASILA және ҚазАвиация жүзеге асырады. Бұл мақсатта 1 жеңіл және 6 аса жеңіл ұшақ жұмылдырылады. Ал жер үсті тәсілімен өңдеу жұмыстарын 7SU TRADE атқарып, 30 бірлік техника пайдаланылады.

Сонымен қатар, зиянкестерге қарсы күреске 2 дрон аппараты, "Фитосанитария" республикалық мемлекеттік мекемесінің 4 бүріккіші және басқа да арнайы техникалар тартылады.

Қазіргі уақытта, шегірткенің күбіршіктеріне 12 778 гектар жерде мониторинг жүргізілген. Оның ішінде итальяндық прус – 9 083 гектар, азиялық шегіртке – 2 070 гектар, ал саяқ шегіртке – 1 625 гектар аумақта анықталған.

Науқан барысында барлығы 156 адам мен ондаған техника жұмылдырылады. Атап айтқанда, инспекция қызметкерлері, фитосанитариялық орталық мамандары және уақытша тартылған зерттеушілер жұмысқа қатысады. Сонымен бірге жергілікті әкімдіктер мен жұмыспен қамту орталықтары арқылы қосымша 48 адам тарту жоспарланған.

Шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары мамыр айының алғашқы онкүндігінде басталады. Бұдан бөлек, Алматы қаласы мен Жамбыл, Қарағанды және Жетісу облыстарымен шекаралық аумақтарда бірлескен мониторинг жүргізу және жедел әрекет ету бойынша ынтымақтастық келісімдері жасалған.

Жиын барысында аталған іс-шаралардың барлығы қатаң бақылауда екені атап өтіліп, ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянкестерден қорғау – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты міндеттердің бірі екені айтылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу