Швейцариялық-украиналық "KS Genetics Switzerland SA" компаниясы Алматы облысында шошқа өсіретін мал шаруашылығы кешенін салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"KS Genetics Switzerland SA" компаниясының президенті және акционері Филиппо Ломбардидің айтуынша, мал шаруашылығы кешенінде шошқа өсіріледі.
Оның сөзін компанияның тағы бір акционері Сергей Касьянов толықтырды.
"Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыруға 25-30 миллион еуро инвестиция құюды жоспарлап отырмыз. Мал шаруашылығы кешенінің құрамына репродуктор, ферма және жем зауыты кіреді. Сондай-ақ бұл өңірде соя, жүгері өсіріледі. Жобаны жүзеге асыратын жерді анықтау керек. Болашақта дайын өнімді Қытайға эспорттауды жоспарлап отырмыз", - деді "KSG Agro" компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы.
Инвесторлар жоба жүзеге асса, жылына 50 мың шошқа өсіруге болатынын атап өтті.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жобаны қолдайтынын ашық айтты.
"Сіздер жаңа кәсіпорын туралы айтып отырсыздар. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылады, бюджетке салық түседі, өңірдің экспорттық әлеуеті артады. Швейцария технологиясы әлемде жоғары бағаланады. Сондықтан бізбен жұмыс істегендеріңізді қолдаймыз. "Бизнестің жол картасы" шеңберінде кәсіпорынға қажет инфрақұрылымды тартып бере аламыз", - деді ол.
Сонымен қатар өңір басшысы компания өкілдеріне дайын өнімді экспортқа шығаруға да көмектесетінін жеткізді.
"Сату нарығы жақын болуы үшін "Бизнестің жол картасы" шеңберінде "Қорғас – Шығыс қақпасы" АЭА аумағында логистикалық база салуды ұсынамын. Құрғақ порт арқылы Еуропаға дейін контейнерлер 10-12 күн, Қытайға дейін 3-4 күн жүреді. Бұл – өте қолайлы, - деді Амандық Баталов.
Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі