Алматы облысында тауарлы сүт фермасы ашылды

1848

Алматы облысында тауарлы сүт фермасы ашылды

Алматы облысында 210 сауын сиырға арналған тауарлы сүт фермасы ашылды, деп хабарлайды облыс әкімдігіне сілтеме жасаған strategy2050.kz.

"Нысан иесі Сәбит Ахметовтің айтуынша, 2015 жылы 90 бас ірі қара әкелсе, биылғы жылы тағы 120 бас сатып алған. Енді мал басын 1500-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Ірі қараның барлығы да симментал тұқымы", – делінген хабарламада.

Кәсіпкердің сөзіне сүйенсек, бүгінгі күні швейцариялық сиырлар тәулігіне 1,5 тоннаға дейін сүт береді. Жоспарда оны 8 тоннаға дейін жеткізу көзделген. Сауылған сүт түгелімен сүт өнімдерін шығаратын "Үштөбе Айдын" ЖШС-ға жіберіледі. Соның нәтижесінде сүт өндірісінің аудандағы көшбасшысы өнім түрін көбейтіп, сапасын арттыруға мүмкіндік алды.

"Сүт кешенін ашу – ауданымыз үшін айтулы оқиға. Кешен малдың жоғары өнімділігімен, малды баптауға жасалған қолайлы жағдайымен, жаңа технологияны енгізуімен ерекшеленеді. Бүгінгі күні фермада 50 адам жұмыс істейді. Шаруашылық иесі кейін іргесін кеңейтіп, жұмысшылар санын 100-ге жеткізуді де жоспарлап отыр. Өткен жылы нысанның құрылысы басталғаннан бері біздің аудандық филиал заңдық тұрғыдағы мәселелерге қатысты жан-жақты көмек көрсетті", – деді Кәсіпкерлер палатасының Қаратал аудандық филиалының директоры Марат Құсайынов.

Жалпы, жыл басынан бері Қарасай ауданында 750 басқа арналған жоғары өнімділікті сүт-тауарлы ферма және "Медеу Коммерц" ЖШС-ның прогрессивті технология негізінде қуаттылығы жылына 5 мың тонна болатын сүт өңдеу цехы іске қосылған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу