Алматы облысының Қарасай ауданында Богданович мұздығы маңында 3300 метр биіктікте үш турист құтқарушылардың көмегіне жүгінді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Төмен түсу кезінде туристердің бірі мұзды учаскеде тайып құлап, денесінің бірнеше жерін жарақаттаған. Ал қалған екі турист күрделі жер бедеріне байланысты қозғалысын жалғастыра алмай, қараңғы түскен соң көмек сұраған.
Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары туристердің орналасқан жерін анықтап, үшеуін де қауіпсіз түрде "Медеу" ШКК автотұрағына дейін жеткізді.
Жарақат алған туристке алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Апаттар медицинасы орталығының бригадасы оны Алматы қаласындағы ауруханаға жеткізді. Қалған екі турист медициналық көмекті қажет етпеді.