Алматы облысында туризмді дамытуға 58 млрд теңге инвестиция тартылады

Бұл туралы Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев мәлімдеді. 

Алматы облысында туризмді дамытуға 58 млрд теңге инвестиция тартылады Фото: inbusiness.kz

Алматы облысының әкімдігі мен инвесторлар тобы "Oi-Qaragai" курортын дамыту бойынша қажетті жағдайлар жасау және жобаны қолдау туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қол жеткізілген келісімдер аясында 2028 жылға дейін тау курортын кеңейту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, аспалы жолдарды салу, тау шаңғысы трассаларының ұзындығын ұлғайту, беткейлерді, парапландарға арналған алаңдарды, еңістерді, мейрамханаларды, көлдерді және қонақтарға арналған этноқалашықты жабдықтау көзделген.

Жобаны іске асыру барысында үш негізгі бағыт бойынша мемлекеттік қолдау шаралары айқындалды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев мәлім етті. Оның айтуынша, аймақ басшылығы инженерлік және көлік инфрақұрылымын жүргізу мәселелеріне көмек көрсетуге, сондай-ақ, әкімшілік қолдау көрсетуге дайын.

"Қол қойылған меморандум аясында инженерлік инфрақұрылымды жақсарту, атап айтқанда 15 МВт қосымша электр қуатымен қамтамасыз ету, тау бөктерінде жасанды қар жасау үшін сумен жабдықтау жүйесін кеңейту бойынша маңызды жұмыстарды жүргізу жоспарлануда. Жылына 100 мың текше метрге дейін, сондай-ақ тұрмыстық қажеттіліктер үшін тәулігіне 700 текше метрді қамтамасыз етеді. Тағы бір маңызды қадам – газ құбыры учаскесін оның өткізу қабілетін сағатына 1000 текше метрге дейін арттыра отырып, қайта құру. Сонымен қатар, Байбұлақ ауылынан Ой-Қарағайға дейін жүк және жолаушылар тасымалы жолын салу жобасы жүзеге асырылады. Ал соңғы, бірақ маңызды қадам – жарықтандыру орнатылып, өткізу қабілетін арттыра отырып, Талғар трактісі – Ой-Қарағай жолын қайта жаңғырту", – деп түсіндірді облыс әкімінің орынбасары Рустам Маратұлы аталған меморандум бойынша берген сұхбатында.

Сонымен қатар, ол өңірдегі туристік индустрияны дамытудың басты маңыздылығын атап өтті.

"Туризмге бағытталған инвестициялар мен назар осы саланың жақсаруына ықпал етіп қана қоймай, облыстың жалпы экономикалық және әлеуметтік дамуына жағымды әсер етеді", - деп толықтырды өңір басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу