Алматы облысында ұн зауытында жарылыс болды

303

Бір адам қайтыс болды, үш адам жансақтау бөлімінде жатыр.  

Алматы облысында ұн зауытында жарылыс болды Фото: ҚР ТЖМ

Алматы облысында ұн өнімдерін өндіру цехының аумағында жарылыс болып, арты өртке ұласқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі оқиға 23 мамырда Қарасай ауданының Жібек Жолы ауылында орналасқан ұн өнімдерін өндіру цехының аумағында болғанын хабарлады. Жарылыс болып, артынша өрт шыққан.

"Өрт тоғыз қабатты екінші элеватор ғимаратының бірінші қабатында орналасқан астық қалдықтарының шаң-тозаңы жаралысқа себеп болуы салдарынан туындаған. Оқиға орнына Алматы облысы ТЖД-нің күштері мен құралдары жедел түрде жөнелтілді. Құтқару бөлімшелері келген кезде қатты түтін байқалды. Жедел түрде штаб құрылып, төрт жауынгерлік учаске ұйымдастырылды", - делінген хабарламада.

Өрт толығымен сөндірілді. Қызыл жалынмен күреске 100-ден астам жеке құрамы мен 31 техника бірлігі жұмылдырылды. Жану алаңы 1377 шаршы метр болды.

"Өрт сөндіру барысында ТЖД қызметкерлері баспалдақ арқылы бір ересек адамды құтқарып қалды. Сонымен қатар, төртеуі Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасының жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесіне жеткізілді", - деп хабарлады облыстық ТЖД.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендерге қатысты ақпарат берді. 49 жастағы ер адам алған жарақаттарынан қайтыс болды. Тағы үш адам жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу