"Есірткі плантациясы Балқаш көлінің аралдарының бірінде анықталды. Жүргізілген сараптама тәркіленген 6 122 өсімдік бұтасы жалпы салмағы 2 тонна 740 келі голландиялық каннабис екенін растады", – деп атап өтті Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.
Өсіру дерегі тиісті күтімді қамтамасыз ететін нақты ұйымдастырылған суару жүйесінің болуымен расталады. Сонымен қатар арал аумағында орналасқан шатырда патрондарымен тегіс ұңғылы қару, қажетті екі қап тыңайтқыш, сондай-ақ қарасораны суару және өңдеу туралы жазбалары бар дәптер табылған.
"Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілерді ұстауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларының кешені өткізілуде", – деп толықтырды Б. Әленов. Осылайша, полицейлер қара нарықтағы жалпы құны шамамен 300 миллион теңгені құрайтын марихуананың елу мыңнан астам бір реттік дозасын заңсыз айналымға жібермегенін айта кету жөн.