Алматы облысында заманауи тау-шаңғы базасы ашылды

1234

Тау-шаңғы базасы Жоңғар Алатауы баурайында 20 гектар аумақта орын тепті. Мұнда ұзындығы 735 метр болатын шаңғы трассасы және 120 метрлік тюбинг трассасы салынды. 

Алматы облысында заманауи тау-шаңғы базасы ашылды

Алматы облысының Сарқан ауданында заманауи тау-шаңғы базасы ашылды. Қысқы туризмді дамытуға бағытталған жоба болашақта жыл он екі ай жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аудандағы алғашқы тау-шаңғы базасы Жоңғар Алатауы баурайында 20 гектар аумақта орын тепті. Мұнда ұзындығы 735 метр болатын шаңғы трассасы және 120 метрлік тюбинг трассасы салынды. Екі жерде тауға емін-еркін көтерілетін арнайы бугельді қондырғылар бар. Одан бөлек конькимен сырғанайтын мұз айдыны да пайда болды.

Мамандардың айтуынша шаңғы базасында облыстық және республикалық қысқы спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастыруға әбден болады. Жаңа нысанды іске қосқан инвестор Сарқан ауданының жас жеткіншектері шаңғы теуіп үйреніп, шымыр болып өседі деген сенімде.

Жерлестеріне осындай тамаша кешенді тарту еткен Мәмбетәлі Атешов Теректі өзеніндегі су электр станциясы құрылысынан кейін пайда болған суқойманы көлге айналдырып, ішін балыққа толтырып, халықтың жазғы уақытта да демалуына жағдай жасауды мақсат етіп отыр. Сондай-ақ шаңғы базасы негізінде 40 орындық қонақ үй салынбақ.

"Бұдан былай жерлестеріміз шаңғы тебу үшін тау іздеп Шымбұлаққа сабылмайтын болды",– дейді Сарқан ауданының әкімі Марат Разбеков.

Шаңғы базасы негізінде  жақын маңдағы ауыл мектептерінде шаңғы секциясын ашу мәселелері де қарастырылуда. Белсенді демалыс орнының салтанатты ашылуы денсаулық фестиваліне ұласты.

Аудан тұрғындары арқан тарту, қол күрестіру, бұқа тартыс, гір көтеру сынды сайыстарда бақ сынады. Ұжымдар мен кәсіпорындар үздік дастархан мәзірінен жарысып, сахнада өз өнерлерін көрсетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу