Алматы облысында жас ғалымдардың байқауы өтті

1312

Алматы облысында жас ғалымдардың байқауы өтті

Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы мен әділет департаменті бірлесіп, екінші жыл қатарынан жас өнертапқыштарға арналған "Шапағат" байқауын ұйымдастырды. Биыл байқау "25 игі іс" республикалық акциясы аясында өтті.

Айта кетерлігі, "Шапағат" өнертапқыштарды насихаттауға және қолдауға, ізденімпаз жастарды зияткерлік-шығармашылық тұрғыдан ынталандыруға, келешегі жарқын өнертабыстарға қолдау көрсетуге бағытталған.
Биылғы байқауға қатысқан қала мектептері мен лицейлердің оқушылары өздері жасаған роботтардан бастап, қағаздан ойып жасаған дүниелерін ұсынды. Қатысушылардың айтуынша, әр жобаны іске асыру үшін үш ай мен бір жыл аралығында мерзім қажет болған. Жұмыстарды облыстық әділет департаменті, облыстық кәсіпкерлер палатасы, "Жас техник бекеті" үйірмесінің өкілдері бағалады. Олар жүлдегерлерді өнертабыстардың инновациялық тиімділігіне, жаңашылдығына қарап анықтады.
"Білім инновация лицейінің" оқушысы қолда бар заттардан ұшқышсыз ұшу аппаратын құрастырған, ол шетелдік балама құрылғыдан әлдеқайда арзанға түседі. Арақашықтықтан басқарылатын кран төтенше жағдай кезінде апат болған жерді қалдықтардан аршып, адам іздестіруге көмектеседі дейді өнартапқыш. Телефонға арналған ерекше аккумулятор қатысушылардың бәрін таңғалдырды. Бұл қуаттандырғыштың басқа құрылғылардан сыртқы түрі жағынан ешқандай айырмашылығы жоқ, бірақ телефонды электр қуатымен емес, жай батарейкамен қуаттандырады. Сайысқа қатысушыларға тек қазылар ғана емес, залдағы оқушылар, мұғалімдер мен кәсіпкерлер де сұрақ қойды.
Байқаудың нәтижесі бойынша дарынды балаларға арналған Мұхтар Арын атындағы №24 пен дарынды балаларға арналған үш тілде оқытылатын №20 лицейі және "Білім инновация лицейінің" оқушылары жасаған үш жоба үздік деп танылды. Жас өнертапқыштар диплом, қаржылай сертификатпен марапатталды. Орталық Азия университеті мен "ТАТЭК" АҚ демеушілік еткен байқауға кәсіпкерлердің қатысуы тегін емес. Жас ғалымдарды қолдай отырып, кәсіпкерлер, отандық технологияны дамытуға үлес қоспақ. Өйткені кәсіпкерлер қазіргі уақытта инновациялық жобаларды енгізуге қажеттілік туып тұрғанын жақсы түсінеді.   
Шара аясында облыстық кәсіпкерлер палатасы адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева сөз сөйлеп, оқушыларды кәсіпкерлік бастаманы одан әрі жетілдіре беруге шақырды.  
– Осында қатысып отырған бір қыздан жобасының келешегі туралы не ойлайтынын сұрағанымда, ол достары мен жақындарына сыйлайтынын айтты. Сыйлық деген, әрине, жақсы. Бірақ бұл жұмысты бизнеске айналдыруға болады. Өнертабыс – ол сіздің комерциялық өніміңіз, ары қарай оны сатып, өз ісіңізді ашуға болады. Бірақ бұны мектепте үйретпейді, осы мәселені қазірден ойластыруымыз қажет, – деді ол.  
Әділет департаментінің өкілдері де өнімді патенттеудің маңыздылығына тоқталды. Ал палатының зияткерлік меншік құқықтары жөніндегі бөлім басшысы Алмазбек Айнақұлов зияткерлік меншікті қалай қорғау керектігі туралы айтып берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу