"Аямай ұрған": Алматы облысындағы мектептердің бірінде оқушы қатарластарын соққыға жыққан

648

Оқиға Алматы облысы Іле ауданында болған. 

"Аямай ұрған": Алматы облысындағы мектептердің бірінде оқушы қатарластарын соққыға жыққан Фото: Бейнежазбадан

Әлеуметтік желіде жасөспірімнің бір топ баланы тұрғызып қойып, ұрып жатқан бейнежазбасы тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 2024 жылдың қыркүйек айында Іле ауданы Қараой ауылында болған. Аталған дерек бойынша полицияға азаматтардан арыз-шағым түспеген.

"Қазір кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын келтіру фактісі бойынша іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін құқық бұзушы жасөспірімнің және оқиғаны бейнетаспаға түсірген мектеп оқушысының заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылды", - деп хабарлады полициядан.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға қосымша ықпал ету шараларын қабылдау туралы ұсыныс енгізілген. 

Бейнежазба бойынша Алматы облысы Білім басқармасының тәрбие жұмысы, қорғаншылық, қамқоршылық және арнайы білім беру бөлімінің басшысы Айжан Ізбасар түсініктеме берді.

Оның сөзінше, құқық бұзушылық жасаған оқушы 2025 жылдың наурыз айында басқа облыстың мектебіне ауысқан.

"Тәрбиелік жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмаған және жоғары тұрған органдарға уақытылы хабардар етпеген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қаралатын болады", - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу