Алматы облысында ауылдардың бірінде жерге көмілген жауынгерлік танк табылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Алып соғыс техникасы шекара маңындағы Панфилов ауданындағы елдімекендердің бірінде жерге көмілген екен. Танк табылғаны туралы ақпаратты облыстық полиция растады.
"Рас, елдімекендердің бірінің учаскелік инспекторына жергілікті тұрғындар тапқан танк туралы ақпарат түскен. Танктың мұнарасы, ауызы және басқа да қажетті бөліктері жоқ, ауылдан бірнеше шақырым жердегі бұрынғы әскери полигонның аумағында жерге көмілген екен. Қазір соғыс техникасының табылуы туралы ақпарат пен осыған байланысты жинақталған материал әскери тергеу басқармасына жөнелтілді", – деп мәлімет берді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Болжам бойынша, танк сонау кеңес дәуірінен бері жер астында жатқан. Металдың әбден шіріп кетуіне байланысты, техника қайта балқытуға жіберіледі. Әскерилер танкті қазып, алып кетіпті.