Алматы облысына қарасты Қарасай ауданындағы мектептердің бірінде оқушының мұғалімді соққыға жыққаны туралы ақпарат желіде тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әлеуметтік желіде оқиға орнына түсірілген бейнежазба тарады. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, кезекші мұғалім жоғары сынып оқушысын сабақ кезінде мектептен жіберуден бас тартқаннан кейін жанжал басталған.
Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға қаңтар айында болған.
"Полиция қызметкерлері 20 қаңтарда кәмелетке толмағанның ер адамға қатысты денсаулығына қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 16 қаңтар күні сағат 09:00 шамасында Шамалған ауылындағы орта мектептердің бірінде кәмелетке толмаған бала мен ер адам арасында жанжал туындап, нәтижесінде ер адам дене жарақатын алған. Түскен арыздан кейін кәмелетке толмаған бала заңды өкілдерімен бірге дереу полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша болған оқиғаның барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде", – делінген редакция тілшісінің сауалына берген жауапта.
Тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданатыны белгілі болды.
Сонымен қатар, іс сотта қаралғаннан кейін материалдар кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолданып, оқушыны профилактикалық есепке қою мәселесі қаралады. Сондай-ақ сотпен ата-анасының әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.