Алматы облысында жылжыған топырақ Көлсай арнасына жетті

1389

Алматы облысында жылжыған топырақ Көлсай арнасына жетті

Алматы облысының əкімі Амандық Баталов Кеген жəне Райымбек аудандарындағы тау бөктерлерін зерттеуді тапсырды, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс əкімі Көлсай сайына ұшып келіп, жедел штабтың жұмысына қатысты. 22- сəуірдегі жағдай туралы облыс əкіміне ҚР ІІМ ТЖК "Қазселденқорғау" ММ басшысы Тоқтар Баймолдаев баяндады.  
"Опырылған жер Көлсай көлінің арнасына жетті. Топырақтың қозғалысы сағатына бір метрден жылжуда. Топырақ өзеннің арнасын жауып тастауы мүмкін. Ал өзен жаңа арна жасап ағуы да ықтимал. Қазір өзеннен екі куб су өтіп жатыр. Мамыр айының аяғы мен маусымның басында өткізілетін су көлемі 30 кубқа жетеді. Топырақ массасы өзен суы арқылы шайылады. Бірақ бұл өзен түбінде кішкентай бөліктердің пайда болуына ықпал етіп, бұл өзен сағасының шайылуына алып келуі мүмкін. Біз су өткізуді эвакуациялық канал арқылы қамтамасыз етсек дейміз. Бұл орайда жарылыс жұмыстары қолданылуы мүмкін", - деді Тоқтар Баймолдаев. 
Сарапшылардың пікірін тыңдай келе Амандық Баталов бірқатар тапсырмалар берді. Ең алдымен өзеннің түбін тереңдету үшін өзен сағасына шынжыр табанды экскаваторлар қолдану керек. Егер тау массасы өзенді жауып тастаса, суды сарқып алу немесе сифондық əдіс арқылы морена көліне су құю тəсілін қолдану керек. 
"8 сəуірде бұл жерде жер сілкінісі болған, оның артынан жауын жауды. Мұнда тектоникалық жарылу сызығы бар. Осының бəрі жинақтала келе, қалыптасып отырған жағдайды туғызуы мүмкін. Қазір тау бөктерлеріне, əсіресе елдімекендер маңына мұқият зерттеу жасау керек", - деді  Амандық Баталов. 
Сонымен қатар, облыс əкімі электр желілерінің айналма жолын жəне геологиялық жағдайларды ескере отырып жол салу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. 
Қазір оқиға орнына барлық қажетті техника жұмылдырылған, тау массасының қозғалысы сағат сайын бақыланып отыр. Елдімекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу