Алматы облысындағы қоқыс полигоны бықсып жатыр

1449

Қоқыс астыңғы жағынан жанып жатқандықтан, оны сөндіру үшін үстіңгі қабатын қазып алу қажет болып тұр.

Алматы облысындағы қоқыс полигоны бықсып жатыр

Алматы облысындағы қоқыс полигонының жанып жатқанына 12 сағат болды, деп хабарлады almaty.tv.

"Бүгін түнде 00 сағат 12 минутта Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаментіне Бостандық және Медеу аудандарының тұрғындары қоңырау шалып, ауада күйіктің улы иісінің таралып жатқанын хабарлаған. Мән-жай белгілі болған соң, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Әйтей ауылдық округі мекенжайында орналасқан тұрмыстық қатты қалдықтарды жоятын полигонда, болжам бойынша 1 га аумақта қоқыс пен тұрмыстық қалдықтардың жанып жатқаны анықталды. Соның нәтижесінде қаланың жоғарғы жағында ауаға иіс тараған. Қазіргі таңда оқиға орнында Алматы облысының өрт сөндіру техникасы бар", - деп хабарлап отыр Алматы қалалық ТЖД.

Алматы облысы ТЖД мәліметінше, қоқыс жанған сайдың тереңдігін ескере отырып, өрт тұтанған аймаққа 5 – ­бульдозер, 2 – тиегіш, 2– экскаватор және 2 самосвал сияқты инженерлік техникалар тартылған.

Ал, өртті сөндіруге неге тік ұшақ қолданбасқа деген сұраққа ҚР ІІМ ТЖК аталған полигонға жауап беретін "Kaz Waste Conversion" ЖШС өртті өз күштерімен сөндіруге құлық танытып отыр деп жауап берді. Бұдан бөлек, ТЖК, бұл сияқты полигонда тұтанған өртті сөндірудің өз ерекшеліктері бар екендігін жеткізді.

"Қоқыс астыңғы жағынан жанып жатыр, оны сөндіру үшін үстіңгі қабаттарын қазып алу қажет, сондықтан тік ұшақты пайдалануға еш негіз жоқ. Компаниядағылар өртті өз күштерімен топырақпен сөндіретіндіктерін айтты", - деді ҚР ІІМ ТЖК өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу