Алматы облысының нақтыланған бюджеті 514,6 млрд теңгені құрап отыр. Бұл туралы облыстық мәслихаттың өңірдің 2019-2021 жылдарға арналған бюджетіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулары қаралған кезектен тыс сессиясында белгілі болды, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірхановтың айтуынша, нақтыланғаннан кейін облыстың бюджеті 514,6 млрд теңгені құрамақ. Енгізілген өзгерістер мен толықтырулар экономиканың барлық салаларының дамуына бағытталды. Соның ішінде әлеуметік салаға ерекше назар аударылды. Мәселен, білім саласын дамытуға 1,4 млрд теңге қарастырылып отыр, оның бір бөлігі облыстағы 7903 көп балалы отбасының балалары үшін балабақша төлемақысын субсидиялауға жұмсалады. Әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру бағытына қосымша 209 млн теңге бөлу жоспарланған, оның 25,4 млн теңгесі Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне берілетін бір реттік көмектің көлемін ұлғайтуға арналады. Денсаулық сақтау, энергетика және ТҮКШ, мәдениет, спорт пен туризм, жер қатынастары, көлік және коммуникация, құрылыс, сол сияқты кәсіпкерлікті дамыту салалары да назардан тыс қалған жоқ. Мысалы, "Бизнестің жол картасы - 2020" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 500 млн теңге бөлінді.
Сессия барысында талқыланған осы және өзге де мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тауып, нақтыланған бюджет көлемі бірауыздан бекітілді.