Алматы облысында өндірілген өнімдер бүгінде әлемнің 61 еліне экспортталады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өңірдегі 49 кәсіпорын шетел нарығына өнім шығарып, соңғы үш жылда экспорт көлемін 1,1 млрд АҚШ долларына (шамамен 515 млрд теңге) жеткізді.
Экспорт географиясы жыл сайын кеңейіп келеді. Облыс кәсіпорындары өнімдерін көрші елдерден бөлек Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Ирак, Пәкістан, Германия, Польша, Румыния және Болгарияға жөнелтеді. Осы кезеңде шалғай мемлекеттерге экспорт көлемі 2,1 есе өсіп, 291,7 млн АҚШ долларын құрады.
Алматы облысының негізгі сауда серіктестерінің бірі – Өзбекстан. Соңғы үш жылда бұл елге экспорт көлемі 110 млн АҚШ долларынан 203 млн АҚШ долларына дейін артқан. Өзбекстанға негізінен ұн, сүт және фармацевтикалық өнімдер жеткізіледі.
Өңір экспортының 60 пайыздан астамын ауыл шаруашылығы өнімдері мен оларды қайта өңдеу арқылы өндірілген тауарлар құрайды. Сондай-ақ құрылыс материалдары, химия өнеркәсібі, фармацевтика және темекі өнімдері де сыртқы нарыққа шығарылады. Көкөніс шырындарын экспорттау бойынша Алматы облысы республикада көш бастап тұр.
Алматы облысы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбол Рақымбаевтың айтуынша, өндірісті жаңғырту, инвестиция тарту және бизнесті қолдау шаралары өңірдің экспорттық әлеуетін күшейтіп, жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік беріп отыр.
Өңір кәсіпорындары экспорт көлемін тұрақты ұлғайтып келеді. Мәселен, Shin-Line өткен жылы Қытайға, Сауд Арабиясына және ТМД елдеріне 15 мың тонна балмұздақ экспорттады. Fruit Art пен LST AGRO өндірген қызанақ пен сублимацияланған өнімдердің 90 пайызы Ресейдің ірі сауда желілеріне жеткізіледі. Ал RG Brands Kazakhstan шырын, сусын және шай экспортынан жыл сайын шамамен 60 млн АҚШ доллары көлемінде табыс табады.