Алматы облысының Қарасай ауданында 2600 метр биіктікте жарақат алған 18 жастағы турист құтқарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға Қарғалы шыңының етегінде болған. Турист ауыр жарақат алып, таудан өздігінен түсе алмаған. Қалың тұман, жаңбыр мен бұршаққа байланысты іздеу және эвакуациялау жұмыстары түні бойы жалғасты.
ТЖМ Республикалық "Барыс" құтқару қызметінің мамандары Мониторинг және жедел ден қою орталығының қызметкерлерімен бірге зардап шеккен туристі тапты.
Алдын ала мәлімет бойынша, оның қолы мен аяғы сынған. Сондай-ақ беті мен денесінің басқа бөліктерінен жарақат анықталған.
Құтқарушылар туристі зембілмен таудан төмен түсіріп, Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлеріне тапсырды.